"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Жақсығарина Мәрзия


Жақсығарина Мәрзия
           1961 жылы 1 сәуірде Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Шайда ауылында туған. Суретші, график, экслибрист. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Мәдениеттану кандидаты, PhDoctor, өнертану профессоры. Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде көркемөнер кафедрасының оқытушысы, дизайн кафедрасының доценті, Қазақ-орыс халықаралық университетінде профессор болды. 300-ге жуық экслибристік туындылары, соның ішінде «Қазақ елі»,  «Қазақстанның зергерлік әшекейлері», «Абай-150 жыл», «Ұлы жеңіске -50 жыл», «Мұхтар Әуезов – 100 жыл», «Құдайберген Жұбанов – 100 жыл», «Экзюпериана», «Пушкиниана», «Архитектура», т.б. сериялары бар. Экслибрис және графика бойынша өткізілген 80-нен астам халықаралық көрмеге қатысқан , оның он шақтысы Қазақстанда, Ресейде және Польшада өткізілген жеке төл шығармаларының көрмесі. Суретші линогравюра, акварель, офорт, портрет, натюрморт, табиғат көріністерін салумен айналысады. Туындылары Аргентинаның, Бельгияның, Италияның, Польшаның, Ресейдің, Францияның мұражайларында, Қазақтың Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік көркемөнер мұражайында, Ақтөбе тарихи-өлкетану мұражайында, Мәскеу экслибрис мұражайында сақтаулы. Графика мен экслибристикаға арналған 50-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Есімі 2013 жылы әлемдік «Современные мировые художники экслибриса» энциклопедиясының екінші томына енгізіліп, мұқабасына М.Жақсығаринаның бір туындысы салынды. Суретшінің экслибрисі Польша нумизматтары үшін 50 мың данамен шығарылған ұлттық валюта 50 злотыйлық банкнотқа пайдаланылды. III халықаралық «Варсавиана» экслибристер көрмесінің (Польша), V Бүкілодақтық экслибристер конкурсының (Ресей) лауреаты, бұдан басқа да көптеген халықаралық конкурстардың дипломанты. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы. Ақтөбе облысының «Жыл адамы – 2003».