"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

АТЫРАУБАЕВ БОЛАТ


АТЫРАУБАЕВ БОЛАТ
 1972 жылы 4 қазанда Ақтөбе облысы Қобда ауданы Калиновка ауылында туған. Суретші, қолөнер шебері. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Қолөнершілер одағының басқарма мүшесі, Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті қоры сыйлығының лауреаты. 1994 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогика институтының көркемөнер факультетін бітірген. Қобда ауданының Калиновка орта мектебінде мұғалім, Ақтөбе облыстық көркемөнер және сәндік-қолданбалы өнер мұражайында суретші-қалпына келтіруші, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде аға оқытушылық қызметтер атқарды. Қазіргі уақытта Ақтөбе облыстық «Руханият» мұражайының директоры. Тұс кілемдер мен авторлық зергерлік бұйымдары Қазақстан, Ресей, Франция, Польша, Қытай, Әзірбайжан, т.б. елдер қалаларының көптеген мекемелерінде және жеке жинақтамаларында кездеседі. Көптеген халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық көрмелер, байқаулар мен семинарлардың қатысушысы және жеңімпазы. 2003, 2006 және 2008 жылдары 3 жеке көрмесін ұйымдастырды. Шығармашылық өмірбаяны  1995 жылдан бастау алады. Ерте заманнан бергі қазақтардың зергерлік өнерінің тарихын зерттеумен, күмістен зергерлік бұйымдарды дәстүрлі және авторлық үлгіде дайындау және қалпына келтірумен айналысады. Коллекция жинаумен де шұғылданады. Сонымен бірге, табиғи бояуларды  қолдана отырып, иірілген таза жіптермен қолдан тоқу арқылы суретті кілемдер, түс кілемдерді дайындаумен, жүннен сәндік панно басумен және «Біз кесте» ұлттық кестесімен айналысады. Сурет салу техникасымен жұмыс жасайды.