"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

РАЙЫМБЕРГЕНОВ ӘБДІЛХАМИТ


РАЙЫМБЕРГЕНОВ ӘБДІЛХАМИТ
1957 жылы   Ақтөбе  облысы  Қарабұтақ  ауданында туған. Өнер  зерттеуші,  күйші,  Құрманғазы  атындағы  I- республикалық  конкурстың  лауреаты (1983).  Құрманғазы  атындағы Алматы мемлекеттік  консерваториясын  домбыра  класы  бойынша  бітірген (1981). 1984-1992  жылдары  «Мұрагер»  атты  республикалық фольклор сазды ансамблінің ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі. Ансамбль көптеген Бүкілодақтық, халықаралық  фестивальдарға  қатысты,  1985жылы бұл ансамбль Мәскеуде  өткізілген  жастар  мен  студенттердің  Бүкілдүниежүзілік  фестивалінің  дипломаты  болды, 1990 жылы  ансамбль Қазақстан  комсомолы  сыйлығының  лауреаты атанды. «Мұрагер»  қазақ  музыкасын  әлемге  танытты,  гастрольдік  сапармен  көптеген  ТМД елдерінде,  сондай- ақ  Австрияда, Индияда, Шри-Ланкада, Италияда, Жапонияда, Кипрде,  Францияда, т.б.мемлекеттерде  болды. Қазақстан  Республикасы  Тәуелсіздігінің  10  жылдығына  орай  Америка  Құрама  Штаттарына  сапарға  барды. Ә.Райымбергенов еліміздің  танымал  музыка  зерттеушісі,  халқымыздың  дәулескер  күйшісі  Қазанғап  шығармашылығын  жан- жақты  зерттеп,  көптеген  еңбектер  жазды. Оның орындауында  Қазанғап күйлері  Қазақ   теледидары  мен  радиосының  қорына  жазылып  алынды.  Өзі  оқып, тәлім  алған  Құрманғазы  атындағы  мемлекеттік  консерваториясының  доценті,  осында  ғылыми- педагогикалық,  ұстаздық   қызмет  атқарды. Республикалық  теледидарда  бірнеше  жыл  бойы  «Домбыра  үйренейік»  хабарын  жүргізді. 1995  жылдан мемлекеттік емес    республикалық «Көкіл»   атты  ұлттық  колледждің  директоры  әрі  көркемдік  жетекшісі. Колледж  еліміздің  өнер  оқу  орындарына  арнап  жаңа  әдістемелер,  бағдарламалар  жасады. Ә.Райымбергенов тек  домбыра  емес,  көптеген  аспаптарда - сыбызғыда,  шаңқобызда,  қылқобызда,  үскірікте шебер   ойнайды.  Өзінің  халыққа  танымал  бірнеше  күйлері  бар.  Францияның «EVA»  телекомпаниясы  2001  жылы  Ақтөбеге  арнайы  келіп  Әбділхамит  Райымбергенов   туралы  телефильм  түсірді. Ы.Алтынсарин медалінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері.