"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Шүкіров Сұлтанғали


Шүкіров Сұлтанғали
(1946-2012)
        1946 жылы 18 қаңтарда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Мұғалжар стансасында туған. Эстрада-цирк артисі, эллюзионист. Қазақстанның халық артисі. 1967 жылы Алматы эстрада-цирк студиясын бітіріп, «Қазақконцерт»  артисі болды. 1972, 1976, 1983 жылдары Мәскеуде эстрада өнерінің Бүкілодақтық шығармашылық шеберханасында оқыды. 1974 жылы Мәскеуде өткен V Бүкілодақтық эстрада артисі конкурсында бірнеше орын алуы шығармашылық жетістіктердің басы болды. Зайыбы Сара Қабиғожина екеуі «Қандай ғажайып бұл әлем» (музыкасы Давид Тухмановтікі) атты бірден-бір таңғажайып нөмірмен барлық жер шарын аралап шығады. 1978 жылы Карлово-Вары (Чехословакия) мен Парижде (Франция) өткен иллюзионистердің халықаралық конкурстарында Гран-приге ие болды. Сол жылы Гаванада өткен жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік XI фестивалінің алтын медалін алып, лауреат атанды.  1979 жылы Брюссельде (Бельгия) өткен иллюзионистердің Бүкіләлемдік конгресінде Гран-при иеленді. Қазақ мемлекеттік қуыршақ театрының режиссері, көркемдік жетекшісі, директоры болып, Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк өнері колледжінде жас артистерге пантомима, жонглерлік, иллюзия мен манипуляция жанрында педагогтік қызмет атқарды. Бүкілодақтық Ленин комсомол сыйлығының лауреаты (1980).