"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Кенбай Жәдігер



Кенбай Жәдігер
          1956 жылы 11 қарашада Ақтөбе облысы Қобда ауданы Жарық ауылында туған. Мүсінші. 1981 жылы Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, еңбек жолын Маңғыстау облыстық қуыршақ театрында мүсінші-бутафор, суретші-қоюшы болып бастады. 1984 жылы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсіп, оны Е.Мергеновтің шеберханасы бойынша бітірді. Академиядан кейін Ақтөбеде көркемсурет қоры шеберханасында суретші болды. Темір ауданында ақын Н.Байғанинге және жылқышы С.Дәуғаринге қойылған ескерткіштерді жасады. Ақтөбеде өткен Наурыз тойының, Әйтеке бидің мерейтойының, «Жас дәурен» фестивалінің, Ә.Молдағұлованың 70 жылдығы, Ақтөбе қаласының 125 жылдығы тойларының бас суретшісі болды. Абай Құнанбаев, батыр Қайдауыл Едігеұлы, академик Ахмет Жұбанов, композитор Ғазиза Жұбанова, ақын Кердері Әбубәкір бюстерінің, ғалым Құдайберген Жұбанов ескерткішінің авторы. Мүсіншінің шығармашылығында Ақтөбедегі Батырлар алаңында қойылған 46 Кеңес Одағы Батырына арналған барельефтер ерекше орын алады. Байғанин ауданы Жарқамыс ауылындағы атом жарылысына, Ақтөбедегі ауған соғысы құрбандарына қойылған белгілердің авторы. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің дизайн кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы.