"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Тапалова Нұрсұлу


 Тапалова Нұрсұлу
 (1923-1998)
         1923жылы 13 қыркүйекте Ақтөбе облысы Ойыл ауданында туған. Балет артисі. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі. 1934жылы жаңа құрылған Қазақ ұлттық аспаптары оркестрін Ойылға гастрольге алып келген А.Жұбанов 11 жасар Нұрсұлудың биін көріп, оған кәсіби білім алуға жол сілтейді. 1936-1939 жылдары Қазақ музыка театры жанындағы би студиясында білім алады. Онда Күләш Байсейітованың қамқорлығында болып, Ш.Жандарбекованың көмегін көреді. Балетмейстер А.Александровтың шыңдауынан өтеді. Биші болып қалыптасуына Г.Уланова, Ю.Ковалев сияқты өнер иелерінің әсері тиеді. 1936жылы Қазақ опера және балет театрында кордобалет, кейін солобалет, ал 1941-1953жылдары прима балерина болып өнер көрсетті. Дариға (И.Надиров, «Көктем»), Зарема (Б.Астафьев, «Бақшасарай бұрқағы», 1942-1943жылдары Г.Улановамен бірге), испан биі (П.Чайковский, «Аққу көлі»), т.б. балеттік партияларды орындады.Нұрсұлудың Заремасы нағыз шығыстың аруы болып шықты. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» ұлттық операларында және билерді нақышына келтіре орындады. Танымал болған биші үкіметтік концерттерге шығада. Л.Хамидидің «Қазақ биін», А.Рубенштейннің «Тореадор мен Андалузкасында» испан биін, И.Морозовтың «Директор Айболитінде» және «Эсмеральда» балетінде шабыттана шебер биледі. 24жасында 1947-1949 жылдары Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды. 1954жылы Қазақ мемелекеттік Жамбыл атындағы филармониясына ауысып, жеке биші болып, эстрада ән-би миниатюра жанрнда еңбек етіп өнер көрсетті. Мәскеуге қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне жүрер алдында Алматының демалыс паркінде жеке концертін қойып,  Б.Байқадамовтың «Шаттық жырын», қырғыз, татар, ұйғыр, өзбек, осетин, әзірбайжан билерін, қазақтың «Махаббат вальсін», «Су тасушы қызын» орындап, әр ұлттың өнерін көрерменге маржандай тізіп берді. 1958жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде «Біржан-Сара», «Абай», «Дудар-ай» операларының сахналық көріністерін тамаша билерімен әшекейлеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді, қазақ бишісін Кеңес Одағы таныды. Онкүндіктен оралғаннан кейін «Құмет белгісі» орденімен марапатталды. Әйгілі биші 1960жылы «Қазақконцерт» гастрольдік бірлестігі ашылғанда осы ұжымға ауысып, Ғ.Құрманғалиевпен, А.Үмбетпаевпен Ақмолада, Ж.Омарова, Р.Бағланова, Г.Галиева, П.Каннонова, Ә.Есқалиевпен Мәскеу, Ленинград қалаларында концерттерге қатысады, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарына, Ақтөбе, Ақмола қалаларына, т.б. жерлерге гастрольге шығып, республика жұртшылығына мәдени қызмет көрсетті. Ақтөбе, Ойыл музейлерінде Н.Тапаловаға арнайы экспозициялар жасақталған, республикалық би байқауы өтеді, көшелерге аты берілген. Ақтөбе облыстық музейінде 90жылдығына «Би әлемінің таланты » атты кеш өтті. Бишінің өмірлік қосағы Шоқар Бөлтекұлы- қазақ боксының атасы атанған тұңғыш боксшы, бапкер.