"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Тастанов Хабидола


Тастанов Хабидола
(1926-1980)
1926 жылы 12 шілдеде Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жаңатұрмыс ауылында туған. Қазақ музыка зерттеушісі, композитор, профессор, доцент. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері (1972). КСРО Композиторлар Одағының мүшесі (1962). 1950 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын домбыра класы бойынша бітіріп, консерваторияның халық аспаптары кафедрасында ұстаздық етті. «Алатау аясында», «Тыңға аттану», «Қазақ биі», «Қуанамын», «Романс», т.б. аспаптық және вокалдық шығармалары бар. «Домбыра оркестрін қалай ұйымдастыру керек», «Алғашқы домбыра үйрену мектебі», «Домбыра оркестрі», «Дирижерлік етудің негіздері» (Л.Хамидимен бірге) атты кітаптар жазған. 1959-1961 жылдары КСРО Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Ұлан-Батыр қаласында (Моңғолия) моңғол өнері онкүндігін  ұйымдастыру және өткізу жұмысына басшылық жасады. Баян-Өлгий музыкалық драма театры жанында қазақтың тұңғыш халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды. Осы еңбектері үшін 1960 жылы Моңғолияның «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталды. 1963 жылы Кеңес-Моңғол достығы қоғамы басқармасының қазақ бөлімінің мүшесі болды.