"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Қожанбаев Қайырғали


Қожанбаев Қайырғали
1938 жылы 1 қаңтарда Атырау облысы Махамбет  ауданы Құмшығанақ ауылында туған. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. 1964 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын домбыра және дирижер мамандығы бойынша бітірген. Ақтөбе музыкалық училищесінің директоры, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі болды. 1987-1989 жылдары ол дирижерлік еткен «Әлия гүлі» ансамблі Ақтөбе облысының өнерін Египетте, Мәскеуде өткен халықаралық фольклорлық өнер фестивальдерінде көрсетті. 70 - ке жуық музыкалық шығарманың авторы. 2000 жылы Алматы облысының әкімшілігі, Қазақстан Композиторлар одағы, Қазақстан Жазушылар одағы және «Хабар-2» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен «Жаңа ғасырға – Жаңа ән» атты конкурста А.Жаймағамбетованың сөзіне жазылған «Ризамын тағдырға» әні III орынды иеленсе, Махамбеттің сөзіне жазылған «Исатай деген ағам бар» әні Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған әндер байқауында I орын алды. «Өмірім – өнерім» атты ән – күй, «Наурыз – думан» атты оркестрге арналған партитуралар жинақтары, «Тағдырыма ризамын» атты ән – күйлер жинағының үнтаспасы жарық көрді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының және «Дүние» университетінің Құрметті профессоры, А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің кеңесшісі. КСРО-ның орта арнаулы білім беру үздігі, Атырау облысы Индер ауданының Құрметті азаматы.