"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Басығараев Бақыт Шаңбатырұлы



Басығараев Бақыт Шаңбатырұлы 1926 жылы 14 қаңтарда Қызылорда  облысы  Арал ауданы Құланды ауылында дүниеге  келді. Домбырашы, сазгер, термеші, халық композиторы Қазанғаптың күйшілік дәстүрін жалғастырушы, «Қазақ­с­танның еңбек сіңірген қызметкері» (1998) Гурьев политехникалық техникумын бітірген, ұзақ жыл Бұхара-Орал газ құбырында еңбек еткен, 13 жасынан домбыра тартады. Жастайынан өнерге құштар болып Дәулеткелді, Әбдіғали, Жұмалы, Қадыралы  деген домбырашылардан Қазанғап күйлерін үйренеді. Әлиманың әнін Батақтың Сарының әндерін Нұртуғанның термелерін, Сыр бойының махамдарын орындайды. Академик А.Жұбановпен хат алысып тұрған. Тікелей музыкалық мамандық алмаса да Бақыт Басығараев өзінің саналы ғұмырында Қазанғап күйлерінің кеңінен насихатталуына зор үлес қосты. 1984 жылы Б.Басығараевтың орындауындағы Қазанғап күйлері өнертанушы, ғалым-ұстаз Абдулхамит Райымбергеновтың «Ақжелең» атты кітабына алғаш рет нота үлгісімен және күйлердің шығу тарихымен түсіріліп жарық көрді. Бақыт Басығараев 1987 жылдан бастап өзі өмірден озған 2000 жылдың аралығында Қазанғап күйлерін насихаттау мақсатында Алматы, Ақтөбе қалаларында, республиканың түкпір-түкпірінде күй кештерін өткізді. Осы еңбектері үшін күйшіге 1998 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері атағы берілді. 2001  жылы  22 сәуірде  Ақтөбе облысында  дүниеден  озды.