"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

ҚАМБАР МЕДЕТОВ



ҚАМБАР МЕДЕТОВ
(1901-1942)
            1901 жылы Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы  Жайсаң ауылында туған. Күйші. Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағы, Әкесі Ерқожа Қаратаев (1976-1945) мұғалім, әнші, күйші болған. Қамбар күйді әкесінен үйренген, домбыра тартуға жастайынан құмартады. Бастауыш орыс мектебін бітірген соң әкесінің жолымен жүріп, Жайсаң балалар үйінде меңгеруші болады. 1923 жылы Орынбор заң мектебін бітіріп, Ақтөбенің қалалық прокуротурасында және губерниялық соттың мүшесі болып жұмыс істейді. 1933 жылға дейін заң, жер, сауда бөлімдерінде қызмет етеді. 1923 жылы А.Затаевичке 19 ән, 3 күй жаздырады. А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында Қамбар орындаған «Ақсақ құлан», «Боғда», «Алты қаз», Мұхиттың «Дүние-ай», «Еркем-ай», «Дәурен-ай», «Жуас-қоңыр», «Сөйле, жаным», т.б. әндер бар. 1930 жылдары Алматыда музыкалық драма техникумы ашылғанда, Қамбар Медетов сонда жұмысқа тұрып, қазақ музыка тарихында бірінші домбыра класы оқытушысы болды. 1934 жылы 16 шілдеде Қазақ АССР Халық Комиссариаты кеңесінің қаулысымен ҚазЦИК атындағы қазақ оркестрі құрылғанда А.Жұбановпен бірге оркестрдің ұйымдастырушысы және орындаушысы  болады. 1935 жылы Алматыда қазақ филармониясы ашылғанда Қамбар оның әкімшісі, кейін директордың орынбасары, яғни филармонияның іргетасын қалаушылардың бірі болды. Ел арасынан дарынды күйшілерді, Н.Бөкейхановты, Л.Мұхитовты, М.Жаппасбаевты, Ж.Айпақовты тағы басқаларды қазақтың ұлттық аспаптар оркестрінің құрамына тартып, оны толықтырып, жақсартуға атсалысты. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатысып, өнері жоғары бағаланды. Репертуарында «Жошы хан», «Шалқыма», «Алтын-ай», «Арынғазы», «Ел айырылған», «Қарасай», т.б. күйлер болған. 1937 жылы 1 желтоқсанда Алматы облыстық НКВД үштігінің үкімімен контрреволюциялық ұйымға қатысқаны үшін деген жалған айыппен он жылға сотталады. Хабаровск өлкесіндегі, Амур облысындағы лагерьдегі ауыр жұмыстан өкпесі қабынып ауырып, 1942 жылы 20 қаңтарда Бурлактың   №3 ауруханасында қайтыс болды. Тырма поселкесінде жерленді. 1956 жылы 11 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы Сотымен ақталды. Артында зайыбы Гулихран, қыздары Райхан, Бибізада қалды. Әкесі Ерқожа (1945), шешесі Малика (1965) қайтты. М.Қамбаров туралы А.Затаевич, Құдайберген және Ахмет Жұбановтар, Р.Роллан, Е.Брусловский жазған. 2001 жылы 100 жылдығы Алматыда, Ақтөбеде, Мәртөкте атап өтілді. Ақтөбеде, Мәртөкте көше, Мәртөкте Қамбар Медетов атындағы музыка мектебі бар. Қ.Медетов ХХ ғасырдағы ең шебер күй орындаушы, кәсіби музыка өнерінің өсіп, өркендеуіне зор үлес қосқан қайраткер, дәстүрлі музыка өнерінің айшықты тұлғасы.