"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Қазанғап


Қазанғап
(1854-1921)
         Қазанғап Тілепбергенұлы 1854 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Ақбауыр ауылында туған. Күйші-композитор. Күйлері Батыс Қазақстан аймағындағы төкпе күй дәстүрінде шығарылған. Бірақ композитордың өзіне ғана тән көркемдік-образдық, музыкалық суреткерлік өрнектері де айқын. Жас кезінен күйге құмартып, өсе келе Төреш, Орынбай, Құрманияз, Үсен күйшілерден тәлім алып, шеберлігін шыңдаған. Оның жүзден астам күйі болған. Олардың алды Ноғайлы дәуірінің оқиғаларын толғаса, енді бір тобы «Ақжелең» (I-II түрі), «Ақжелеңдер» болып келеді. Композитор «Ақжелеңдер» санын 62-ге жеткізіп, ел арасына насихаттаған. Қазақ арасындағы «Алпыс екі Ақжелең» деген ұғым көбінесе осы Қазанғап шығармашылығымен байланысты айтылады. Күйшінің дыбыс еліктеушілік рухындағы суреттемелік күйлері де аз емес. «Көкіл», «Ысқырма», «Қиту-қиту, Қайт-қайт», «Шырмаулы қыз», т.б. шығармаларының бейнелілік әлемі ерекше. Қазанғап күйлерінің орындалу ерекшеліктері оның көркемдік тәсілдерінен туындайды. Оның шығармалары оң және теріс бұрауда қатар орындалады.  Ілме қағыс, сүйретпе қағыс көбіне Қазанғап күйлеріне тән белгілер, әдістер. Композитордың шәкірттері, ізбасарлары көп. Қ.Ержанов, Айса Шәріп, Әміржан Қайырлы, Әбдіғали Жаңбыршыұлы, Болмағанбет, Зәбира Әубәкірқызы, Емберген Жұмалыұлы, Жәлекеш Айпақұлы, Машолақ Мамбеталин, Мырзағали Төлеуұлы, Бақыт Басығараев, Қонақбай, Нұрболат Жанаманов, Мәңке, Жұмабай Жансүгіров, т.б. көптеген өнерпаздар Қазанғап күйлері мен дәстүрін одан әрі жалғастырды. Оның күйлерін Сәдуақас Балмағанбетов, Абдулхамит Райымбергенов, Жайлау Асылхановтар орындап, жинап зерттеуде. Қазанғап күйлері «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жинағына 2011 жылы енгізілді. Ақтөбеде, Шалқарда Қазанғап атында көше, саз мектебі, Байғанинде ұлт аспаптар оркестрі бар. Қазанғап күйлерін орындаушылар  байқаулары өтеді. Қазанғап күйлеріне адам өмірі, ізгілік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық, қайғы мен қуаныш сияқты мәңгілік сезімдер арқау болған.