"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Таңірберлі Молдабай


Таңірберлі Молдабай
(1858-1923)
        1858 жылы Ақтөбе облысы қазіргі Мәртөк ауданы өңірінде туған. Әнші, композитор. Молдабай күйші Қазанғаппен кездескен, Әбілқайыр ханның ұрпағы Қамбар Медетовпен достық тығыз байланыста болған, олар бір-біріне аса үлкен әсер еткен. Молдабай сері, ойын-тойға барған, қасына 20-25жігіт ертіп жүрген. Жүйрік тазысы мен қыран бүркіті, Желжетпес деген аты болған. А. Жұбанов «Молдабай-сал-серілердің бірі» деген. Молдабай әнші-орындаушы, тыңдаушысын таң қалдырған өнер иесі, өз стилі бар, дауыс диапазоны күшті әнші. Орынбордың «Қос босағасы» атанған Молдабай мен Әкімгерей-Орынбор жәрмеңкесін сәнін де , мәнін де келтірген атақты өнер иелері. Молдабай ән шығарған сазгер, «Қойшының әні», «Бестоспа», «Сусарсай», «Молдабай» тәрізді көптеген әндері кезінде ел арасына кең тараған, бірақ көбі сақталмаған. Әншінің атын ән тарихында қалдырған шығармасы «Молдабай». Кезінде көмескіленсе де, Тәуелсіздік жылдары жаңа екпін, тың орындау тәсілімен сахнадан орын табуда. Бұрын әнді Әли Құрманов, Жүсіп Сейілов орындаған, С.Жаңғалиев «Тәңірберлі Молдабай» атты поэма жазды. 2012 жылы Еркін Құрманбектің құрастыруымен «Молдабай » атты алғашқы естеліктер мен шығармалар жинағы шығарылды.