"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

РУЖЕВА АЛТЫН


РУЖЕВА АЛТЫН 
(1928-1990)
1928 жылы 28 ақпанда Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Оймауыт ауылында туған. Театр актрисасы. Қазақстанның халық артисі (1970), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі (1966). 1946 жылы Алматы киноактерлер мектебін бітірген соң, сахналық өнер жолын Ақтөбе музыкалық драма театры труппасында бастады. Театрдың жабылуына байланысты 1947 жылы Жамбыл қаласындағы Абай атындағы облыстық драма театрына актриса болып ауысады, онда 1979 жылға дейін өнер көрсетті. 30 жылда мол тәжірибе жинақтап, танымалдыққа, абыройға ие болды. 1979-1981 жылдары Атырау театрында директор болып, 1982 жылдан өмірінің соңына дейін Талдықорған облыстық драма театрында қызмет істеді. Сахнада 180 образ жасап, Айман, Еңлік, (М.Әуезов, «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек»), Ақтоқты, Баян (Ғ.Мүсірепов, «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу»), Қарашаш (Ш.Құсайынов, «Алдар көсе»), Ақжүніс (С.Камалов, Е.Брусиловский, «Ер Тарғын»), т.б. басты рольдерді шебер орындады. Актерлік шеберлігі аударма спектакльдерде жан-жақты көрініп, шыңдалып, жетіле түсті. Ш.Айтматовтың «Ана-Жер анасындағы» Толғанай, К.Треневтің  «Любовь Яроваясындағы» Любовь Яровая, Н.Гогольдің «Үйленуіндегі» Агафья Тихоновна, А.Островскийдің «Жазықсыздан жапа шеккендеріндегі» Кручинина, М.Каримнің «Ай туылған түніндегі» Таңқабике, т.б. классикалық бейнелерді сахнаға шебер, әр ұлт менталитетімен шығара білді. А.Ружева гастрольдік сапармен Алматыда, Ақтөбеде, Байғанинде, Оймауытта, Қандыағашта, Ойылда, Шалқарда болып, жерлестеріне қызмет етіп, өнерін көрсетті. Талдықорғанда А.Ружева атында көше бар. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде экспозиция жасақталған. 80 жылдығы аталып өтті. 60 жылдығында (1988) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.