"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

ТЕЛЕУІШЕВ ТАЙМАС


ТЕЛЕУІШЕВ ТАЙМАС
1951 жылы 19 қыркүйекте Қызылорда облысы Арал ауданы Қасқақұлан ауылында туған. Суретші. График. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Санкт – Петербургтегі В.Серов атындағы көркемсурет училище-политехникумын суретші-безендіруші мамандығы бойынша, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің бейнелеу өнері факультетін бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. «Жазушы», «Жалын» баспаларының суретшісі, Қазақ КСР Көркемсурет қорының суретші-графигі болып қызмет атқарды. 1993 жылдан бері Ақтөбедегі саңырау балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатта бейнелеу өнерінің мұғалімі. Қазақтың ұлттық болмысын, қазақ өмірін тамаша бейнелейтін туындылармен қатар «Әбілқайыр хан», «Нұрпейіс Байғанин» тәрізді тақырыптық сериялары бар. «Қазақтың ұлылары» деп аталатын серия арқылы Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Қ.Жұбанов, т.б. тұлғалардың портреттерін, Абай өлеңдеріне арналған графикалық суреттер топтамасын жазған. Көптеген экслибристердің авторы. Біраз суреттері Әбілхан Қастеев мұражайында, енді бір тобы Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығының мұражайында сақтаулы тұр. Суреттері ұзын саны елу шақты көрмеге қатыстырылған. Экслибрис бойынша халықаралық, республикалық көрмелердің қазылар алқасының (кіші графика) мүшесі. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, Ақтөбе облысы әкімі сыйлығының иегері.