"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Жұмалин Бақтығали


Жұмалин Бақтығали
          1961 жылы 26 ақпанда Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр станциясында туған. Сазгер. ҚР Мәдениет қайраткері. Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін, Атырау педагогика институтының музыка факультетін, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің  музыка факультетінде, облыстық филармонияда, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өз мамандығы бойынша қызмет етті. Көптеген қойылымдар мен спектакльдерге композиция жасап, музыкамен көркемдеді. Ол құрған «Серуен» тобы, жеткіншектерді вокалдық өнерге тәрбиеленген «Ерке-Наз» студиясы жемісті еңбек етті. Әндерімен ҚР Мәдениет министрлігі ұйымдастырған I, II республикалық «Елім менің» патриоттық әндер конкурсында, «Бөбек» ұлттық орталығы балаларға арналған ең үздік шығармалар мен әндерге жариялаған республикалық конкурста лауреат атанды. Әлия Молдағұлова туралы әндердің облыстық конкурсында ақын Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған «Он тоғыз жас» әнімен жеңімпаз болды. Облыс әкімі сыйлығының лауреаты. 150-ден астам әннің авторы. 16 ән жинағы жарық көрді. Сазгердің әндерін Бақыт Шадаева, Айжан Нұрмағамбетова, Марат Әйтімов, Гүлсім Юсупова тәрізді белгілі әншілер орындап жүр.