"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Жұбанова Ғазиза Ахметқызы


Жұбанова Ғазиза  Ахметқызы
             Жұбанова Ғазиза Ахметқызы 1927 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жаңа тұрмыс ауылында туған. Қазақтың  көрнекті  композиторы, педагог. Қазақ КСР және КСРО халық  әртісі. Қазақстанның еңбек  сіңірген  өнер қайраткері. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының  лауреаты. Мәскеудің  Гнисендер  атындағы  мемлекеттік музыкалық училищесінің композиторы бөлімін (1949), П.Чайковский атындағы Мәскеу Консерваториясын үздік  бітірген(1954). Консерватория  бітірердегі дипломдық  жұмысы  етіп М . Әуезовтың «Түнгі сарын» пьесасын бір актілі опера қойған. Басты  партияны  болашақ  әлем  жұлдыздарының  бірі Н. Гяуров  орындаған,  Евений  Светланов дирижерлік  етті. Мәскеу  аспирантурасында   оқып  жүріп (1956-1957) скрипкаға арнап  концерт  және  «Огненные  ночи на  Урале» ораториясының  бірінші  түрін  жазған. 1958-1993  жылдары  Алматыда  еңбек  етіп , өзінің  ұлттық  музыкамызды  биікке  көтерген  тамаша  шығармаларын  жазды. 1968  жылы  «Аққанат» және « Хиросима»   балеттерін  біріктірген  « Аққұс  туралы  аңыз» атты балеттерін  тұсауы  кесілді. Бұл  шығарма  музыка  әлеміндегі  ерекше  құбылыс  болды .  Кейінгі жылдарда  композитор  үшінші  симфониясын , «Адам,  адамды сүй»  ораториясын , «Қаракөз»  балетін, «Ғасырдан  да ұзақ  түн»  операсын, фортепианоға арналған соната- фантазиясын,  оркестрде (виоленчель) орындайтын концертін,  екінші  квартетін, «Мадам Баттерфляй» балетін, басқа да  көптеген  шығармаларды жазды. Әкесі  атақты  композитор Ахмет  Қуанұлы  Жұбанов  аяқтап  үлгермеген «Құрманғазы»  операсын  жалғастырып , соңғы  нүктесін  қойды.  Жалпы 4 опера, 4 балет, 3 симфония, 3 концерт, 6 оратория, 5 кантата,  30- дан   астам түрлі  камералық музыка  туындыларын, әндер , хорға арналған  шығармалар,   спектальдер  мен  кинофильмдерге  арналған  әуендер  қалдырды. Композитор Ғ. Жұбанова есімі, оның  мәңгі  жасайтын  шығармалары,  концерттері мен  балеттері көптеген  шетелдерде, Болгария  мен Чехияда,  Словакия  мен  Германияда, АҚШ  пен  Италияда,  Франция  мен   Жапонияда, Финляндия  мен  Испанияда,  әлемнің  басқа да мемлекеттерінде  жиі  орындалады.  Ғ. Жұбанова  Қазақ  театр- өнер  институтында,   консерваторияда  ұстаздық  етті.  1962-1968  жылдары  Қазақстан  композиторлар  одағын  басқарды, 1975-1987  жылдары  Құрманғазы  атындағы  Алматы  мемлекеттік  консерваториясының  ректоры  болды.  Қазақ  музыкасы  жайлы  көптеген  ғылыми –зерттеу  еңбектерін  жазды.  Республиканың  қоғамдық  өміріне  белсене  қатысты. Шығармашылық  сапармен  дүниежүзінің  көптеген  елдерінде  болып,  ұлттық  музыкамыз  жайлы әсерлі  баяндамалар  жасады. Еңбек  Қызыл  Ту, «Халықтар  достығы»  ордендерімен ,  медальдарымен  марапатталған.  Ақтөбе қаласы  көшелерінің  бірі,  облыстық  филормония,  Астанадағы  мемлекеттік  камералық  музыка  ансамблі  Ғ. Жұбанова есімімен  аталды.  Алматыда  өзі  ұзақ  жыл тұрған  үй  қабырғасында  граниттен  ескерткіш тақта  орнатылған.