"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Әбішев Бақытжан


Әбішев Бақытжан
(1947-2017)
          1947жылы 17 шілдеде Ақтөбе қаласында туған. Мүсінші. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Алматы көркемсурет училищесінде, 1978 жылдан Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық етті. Алматы қаласындағы Т.Бокин, (Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілген, 1976), Жамбыл (Жамбыл атындағы халықаралық сыйлық берілген,1996) ескерткіштерін жасады. Әбу Насыр әл-Фараби, Исатай-Махамбет, К.Байсейітова тәрізді көрнекті қайраткерлер тұлғасын мүсіндеді. Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Бұхар жырау, М.Ж.Көпеев, С.Торайғыров, Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Ә.Молдағұлова, Ақтөбе, Астана қалаларындағы Ә.Молдағұлова мемориалдық ескерткіштерінің, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Ұлы Отан соғысы құрбандарының ескерткіші авторы. Б.Әбішевтің «Олимпиадашы» мүсіні Швейцарияның Лозанна қаласындағы Халықаралық олимпиадалық комитеттің штаб-пәтерінде, «Күйші» мүсіні Германияда, «Томирис» мүсіні Мәскеу қаласында тұр. Әл-Фараби, Жәңгір хан, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Сүйінбай, Ш.Берсиев, т.б. ұлы тұлғалар бейнесі- мүсінші Б.Әбішевтің шығармашылық табыстары. Көне дәуір тақырыбын өзбек еткен «Тәңірі Ұмай», «Атой», «Аударыспақ», «Скиф», «Ұран», «Сайыс», «Салт атты», «Жаңғырық», «Магдалина», «Күту», «Көш», «Баба», «Хан», «Батыр », «Қорқыт» тәрізді қола, ағаш, саз, мәрмәрдан жасалған еңбектерінен ата-бабалар әлемін дүниелік, заттық тұрғыдан емес, рухани сырына жету арқылы біліп-ұғынуға құштарлық аңғарылады. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.Ақтөбе облысы әкімі сыйлығының лауреаты, Профессор.ҚР Суретшілер академиясының академигі.