"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Жанғалиева Бақыт


Жанғалиева Бақыт
(1947-2017)
      1947 жылы 11 маусымда Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Айшуақ ауылында туған. Театр және кино актрисасы. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі. 1966 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің театр бөлімін, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының актерлік бөлімін бітірген. 1968 жылдан М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының актрисасы болып, Бәтима (Т.Ахтанов, «Ант»), Баян, Ақтоты (Ғ.Мүсірепов, «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу», «Ақан сері- Ақтоты»), Айман, Әйгерім (М.Әуезов, «Айман-Шолпан», «Абай»), Шырын (Н.Хикмет, «Фархат-Шырын»), Ақбала (Ә.Нұрпейісов, «Қан мен тер»), т.б. рөлдерді шебер орындады. Гастрольдік сапармен Франция , Германия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, т.б. шетелдерде және Қазақстан қалаларында өнер көрсетті. Сондай-ақ «Соңғы ызғар», «Намыс», «Әйгерім», «Балкон», т.б. кинофильмдерге түсті. «Құрмет» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.