"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Құрманов Әли


 Құрманов Әли
(1901-1969)
         1901 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданында туған. Әнші, тенор, жыршы, термеші. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі (1936). 1920-шы жылдарда Шалқарда театр үйірмесін ашып, «Қызыл сұңқарлар», «Бетім-ау, құдағи ғой», «Үш қонақ», «Салақ қыз» пьесаларын қойып, өзі басты рөлдерде ойнаған. 1934 жылы Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің алғашқы домбырашыларының бірі болып, 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің он күндігіне қатысқан. Алматыда өткен бүкіл қазақстандық халық өнерпаздарының I слетінде өнер көрсетті. Репертуарында «Әлди-ау», «Сусар-ай», «Молдабай», «Сүмбіл шаш», «Он алты қыз» тәрізді халық әндері, термелер, халық композиторларының әндері мен желдірмелері болды. Гастрольдік сапармен Қырғызстанда, Өзбекстанда, Түркменстанда болған. Әлидің өткір термесі, қолдарын неше жаққа жүгіртіп, ойнақшытып домбыраны қағуы, ән орындағандағы шығармашылық еркіндігі, бай  мимикасы тыңдаушыларын баурап алған. 1940 жылы А.Жұбановтың «Сары» пьесасында Қабыл ақынның рөлін ойнаған. Ұлы Отан соғысы жылдарында Солтүстік-Батыс майданы жауынгерлеріне концерт көрсетті. Репертуарында Мұхиттың, Қызылдың, Батақтың Сарысының әндері, Қаршығалы жыршының сазы болды. Қазақ өнерін кеңінен насихаттаған өнер қайраткері.