"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

ЩУКИН ВЯЧЕСЛАВ ВЛАДИМИРОВИЧ


ЩУКИН ВЯЧЕСЛАВ ВЛАДИМИРОВИЧ (1937-2015)
1937 жылы Ақтөбе қаласында туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы көркемсурет училищесінде оқыды. Өмірін мұражай саласындағы қызметке арнады. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайын, Мәртөк, Ырғыз, Шалқар, Байғанин аудандық мұражайларын, Құдықсай мұражайын, теміржол басқармасының мұражайын көркемдеуге, жабдықтауға тікелей атсалысты. 2000 жылы Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалдық мұражайын қайта құрып, «Қобда жері-Батырлар елі» деп аталатын жаңа толық көркемдік экспозиция шығарды. Қалалық көркемдік шеберханасында 30 жылдан астам уақыт суретші-безендіруші болып жұмыс жасады. Осы жылдар ішінде ол Ақтөбе қаласының әсем, көрнекті болуына көп еңбек сіңірді. Суретші турист ретінде бірнеше алыс, жақын шетелдерде болып, Марокко, Франция, Вьетнам, Индия, Германия, Кубада алған әсерін графика, живопись арқылы көркем жеткізе білді. 2001 жылы аталған туындылары негізінде Ә.Молдағұлова мұражайында суретшінің жеке көрмесі ашылды. Кейбір суреттері облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспозициясында қойылған. Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы.