"Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін адамға адалмен табандылық қажет."

Әл-Фараби.


Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда халқына қадірлі, еңбекқор, елінің өнері мен мәдениетін көркейтуде еңбек сіңірген, ұлтжанды азаматтар ойға түседі. Олар қай жағынан да, алуан құбылып, ғажап нұр шашып тұратын асыл алмаз секілді. Елге жасаған еңбегімен, ізгілікті ісімен халық жадында мәңгілікке сақталған танымал, мәдениет,өнер қайраткерлері облысымызда мақтанышпен айтарлықтай деуге болады. "Өнер әлемі-асыл қазына" атты блогта Ақтөбе облысының мәдениетінің көркеюіне өз үлесін қосқан, туған еліміздің тарихына, тылсым құпия сырларына күш-жігерін, білім-тәлімін, өмірін, бойындағы бар өнерін арнаған биік тұлғалар.

Жұбанов Ахмет Қуанұлы


Жұбанов Ахмет Қуанұлы
(1906-1968)
Жұбанов Ахмет Қуанұлы - 1906 жылы  29 сәуірде Ақтөбе облысы Мұғалжар  ауданы Қосуақтам  қыстағында  туған. Қазақтың  көрнекті  композиторы,  өнер зерттеушісі, өнертану директоры, профессор, академик, қазақ КСР халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың  иегері. 1916 жылы Орқаштағы  үш жылдық  орыс-қырғыз училищесін  бітірген соң ауылдық  кеңесте  хатшы болып еңбек  жолын бастайды. Халық мұғалімдері курсын бітіргеннен кейін Темірде, кейін Ақтөбе қаласында ұстаздық  қызметте болды. 1927 жылы Ленинградтағы  музыка техникумының скрипка сыныбына оқуға қабылданады, кейін Римский-Корсаков  атындағы консерваторияға түсіп, гобой сыныбы бойынша Ленинград консерваториясының тарих- теория факультетінде қосымша білім алады. 1932 жылы өнер зерттеу академиясының музыка бөлімінде аспирант болды. Қазақстан Үкіметінің арнайы шақыруымен 1933 жылы  Алматы  музыка - драма техникумның оқу бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. 1936 жылы «Музыка әліппесі» кітабын жазды. Ол Қазақтың Құрманғазы  атындағы мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрінің ұйымдастырушысы, алғашқы дирижері, көркемдік жетекшісі. Оркестрдің  репертуарында  жүздеген  музыкалық  шығармалар  болды. Құрманғазының, Тәттімбеттің, Динаның, Дәулеткерейдің Қазанғаптың  күйлерін  нотаға  түсіріп оркестр репертуарына енгізді.  Оркестр  репертуарына шетел классиктерінің шығармаларын -  Глинканың, Бородиннің, Чайковскийдің, Римский - Корсаковтың, Бетховеннің, Бизеннің, Вердидің, басқа да  композиторларының  күрделі симфонияларын, пьесаларын енгізді. 30 жылдары драмалық спектальдер, музыкалық   пьесалар жазды, фильмдердің авторы болды, «Би  күйін», «5- тәжік күйін» басқа да  күйлер шығарды. А.Жұбанов  қаламынан  туған  «Абай»  операсы (Латиф Хамидимен  бірге)  классикалық  дәрежеге  көтерілді. 1947  жылы  Л. Хамидимен  бірге  «Төлеген Тоқтаров»  операсын жазды.  Абай  атындағы  академиялық  опера және балет театрында  қойылған  бұл опера соғыс  тақырыбына  жазылған  тұңғыш  опералық  шығарма  ретінде  жоғары бағаға  ие болды. 30 -  жылдардан  бастап  өмірінің  соңына  дейін  қазақ  өнерін  зерттеу  саласына  ұшан – теңіз  еңбек сіңірді. Музыка зерттеушісі, этнограф  ретінде  мыңнан  астам  қазақ  халық  әндерімен күйлерін  жазып алып,  нотаға  түсірді, өткен  ғасырларда өмір сүрген  халқымыздың  дәулескер күйшілері  мен  жезтаңдай әншілерінің  өмірін, шығармашылығын  қағазға  түсіріп, «Замана бұлбұлдары» , «Ғасырлар  пернесі», т.б. кітап  етіп  бастырды. Ол көп  жылдар бойы  Құрманғазы атындағы Қазақ  мемлекеттік  консерваториясының директоры болды, осында  қазақ халық  аспаптары  кафедрасын  ұйымдастырды,  оған  басшылық  етті. Ұзақ  жылдар бойы  консерваторияда,  ұлттық университетте,  Жамбыл  атындағы  қазақ   филормониясында  қазақ  музыкасы  мәдениеті  тарихынан  дәріс  оқыды.  Консерваторияда дирижерліктен, қазақ  оркестрімен  жұмыс  істеу  тәсілінен  сабақ берді, студенттермен  педагогикалық  практика  жұмыстарын  жүргізді. А.Жұбанов  Қазақ КСР Ғылым  академиясының  негізін  салушылардың  бірі, осы Академияның төралқа мүшесі, Академия төралқасы  жанындағы  өнер-зерттеу  филормониясының  ұйымдастырушысы, ұзақ  жылдар  бойы  осы  филормонияның  директоры  және  көркемдік  жетекшісі  болды.  Ондаған  жылдар  бойы  Ғылым академиясының  ғылыми  атақ  беру  жөніндегі  Біріккен  ғылыми  кеңесінің  мүшесі, КСРО Композиторлар  одағы  ұйымдастыру  комитетінің  мүшесі  болды. Ленин, Еңбек  Қызыл Ту , «Құрмет Белгісі» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің  Құрмет грамоталарымен, көптеген  медальдармен  марапатталған.  Алматыдағы  Қазақ  ұлт  аспаптар  оркестірі  республикалық  музыкалық  орта  мектеп,  Астанадағы  көше, Ақтөбедегі  музыка  колледжі,  көшелер А.Жұбанов есімінде. Ембіде, Ақтөбеде  ескерткіш,  музей,  оркестр бар. Жыл сайын «Жұбанов  көктемі»  фестивалі  өтеді.  Алматыда  өзі  ұзақ   жыл  тұрған  үйдің  қабырғасында  ескерткіш тақта орнатылған.